Қазақстанның басты байлығы ұлан-байтақ жерінде де емес, сол жердің кенінде де емес, ынтымақшыл елінде, берекеге бастар бірлігінде. Елбасымыздың бастамасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Бүгін, 6 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты рәсім өткізіледі.
Ассамблея деп ауыз ашқаннан көз алдыңа еліміздегі тыныштық, этносаралық жарастық, конфессияаралық келісім келеді. Бір құдіреттің күшімен осынау сөз Қазақстанда барлық бейбіт өмірді, тұрақты тіршілікті жасап тұрғандай болып көрінеді. Біз 20 жыл бойы соған үйреніп, соған әбден сеніп қалдық.
Алысқа бармай, тура өзіміз туралы айтатын болсақ, кейбіріміз осыдан 15-20 жыл бұрын еліміздегі этностардың өз тілінде көбірек сөйлегенін, өздерінің мүдделерін айтып, мәселе көтергендерін, сонымен бірге, басқа дәстүрлі конфессиялардың елімізде діни ғибадатханаларын көбейтіп, олардың маңына өздеріне тән киімдерімен топталып жүргенін көрсек, кәдімгідей күдік алып, оларға ұнатпай, секеммен қарайтын едік. Ал Ассамблеяның жұмысымен, бағыт-бағдарымен, мақсатымен жақынырақ таныса келе олардың да мүддесі қорғалып, арманы орындалып, өзімізбен бірдей қорғалуы керектігіне көз жеткіздік. Сөйтіп, Ассамблея бізді қарапайым төзімділікке, этносаралық толеранттылыққа тәрбиеледі. Әсіресе, неміс, чешен-ингуш, корей, Месхетия түріктері, Қырым татарлары, ноғай сияқты халықтардың біздің жерімізге қуғын-сүргінмен, айдаумен келіп, тұрып қалған өкілдері өздерінің ұлттық рухын көтеріп, жастарына ұмытыла бастаған тілдерін үйретіп, дәстүрлері мен салттарын жаңғыртқысы келіп жатқанын қолдаудың өзі үлкен сауапты іс екенін ұқтырды. Ал орыс, татар, өзбек, украин, ұйғыр сияқты бірге өсіп, біте қайнасып кеткен ірі этностардың да өздерінің ұлттық мүдделерін ойлауына, тілдерін дамытып, дәстүрлерін сақтауына әбден қақысы бар екенін Ассамблея 20 жыл бойы біздің санамызға сіңіріп келеді.
Сөйтіп, ол тоталитарлық, өзімшіл жүйеден шығып, өзінікін ғана болдыруды көздеген диктаттық тәртіпке үйреніп қалған бізге нағыз демократияның негізгі өзегін қалыптастырушы болып отыр. Қазір Ассамблеяның ықпалымен посткеңестік елдердің көбіне қарағанда қазақстандықтардың бойындағы демократияның ұшқындары анағұрлым артық екенін көзіміз көріп жүр. Қазақстандағы этностар біздің мүддемізге қол сұғып, аузымыздағыны жырып алғысы келіп жатқан жоқ, біздердікі бәрінен артық деп озбырлық танытып кетіп те жатқан жоқ, керісінше қазақтікі алға бассын, сонымен бірге біз де жаңғырайық, Президент айтқандай бізді үйлестіруші мемлекеттік тіл – қазақ тілі болсын деп біздің сөзімізді сөйлеуде. Ендеше оларды қолдамайтын несі бар?
Жаңа біз «біздің сөзімізді сөйлеп жатса» дегенді айтып қалдық. Осының маңызы өте зор, мазмұны өте тереңде, сондықтан сол мәселеге тереңірек тоқталып көрелікші.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған жылдары Қазақстандағы қазақтар үлесі 40 пайыздан жаңа ғана асқанын білеміз. Соның өзі де барлық өңірлерде бірқалыпты қоныстанбай, Оңтүстікте көп болса, Солтүстік пен Шығыста барынша аз болып тараған. Азшылық болып қалудың әсерімен осы аймақтарда қазақтың ықпалы да шамалы еді. Мәселен, біздің Солтүстік Қазақстан облысында 1989 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың үлесі 18 пайыз ғана болды. Ал облыс орталығы Петропавл қаласында 8 пайыздай ғана едік. Шаһарда жалғыз-ақ қазақ мектебі болатын, оның өзі интернат негізінде құрылған, қалалықтардың емес, ауыл тұрғындарының балаларына арналған. Одан басқа бірде-бір мекеме, ұйымдарда қазақ тілінде ешкім сөйлемейтін. Кәсіпорындарды тіпті атауға тұрмайды. Қалалық партия комитетінде 3-ақ қазақ қызмет етті. 1890 жылғы «Ақмола облысына шолу» деген ресми құжаттардың жинағында осы облысқа қарайтын Петропавл уезінің қазақтары 54 пайыз болған. («Обзор Акмолинской области за 1890 г.», с.8). 1926-36 жылдары Петропавл қаласы халқының өсімі екі есеге жақын, яғни 84 пайызға артқан. Өйткені, 31-32 жылдардағы аштықтан қазақ тұрғындар қырылып, қырылмағаны Тайгаға (қазақтар оны «Іш» дейді) ауып жатқанда өкімет Ресей, Украина, Белоруссия республикаларынан 172 мың бай-кулактарды «сенімсіз элементтер» деп осы облысқа тоғытқан және олардың көбін қалаға қоныстандырған. Одан 1937 жылғы лаң келіп, қалада тұратын көзі ашық қазақтардың отбасылары репрессиядан қашып тағы да Ішті паналаған. Ал 1941-45 жылғы соғыста эвакуациямен келгендер қазақтардың үлесін одан әрі азайтты. Жығылғанға жұдырық дегендей, әпербақан Хрущевтің айғайымен 1954-62 жылдары тың көтеруге келгендер қазақтың үлесін өз жерінде мүлде азайтты ғой... Қайта түп орнымен жойылып кетпей, 1989 жылға дейін ес жиып, 18 пайызға жеткен едік.
Міне осылай, азшылыққа ұшырап қалған қазақтардың сөзін, айтқан тілегін барлық жерде тамыр жайып, жоғары-төменді басқару орынтақтарына терең орнап қалғандар жүре тыңдайтын. Тіпті, өздерін Қазақстанда жүрміз, бөтен елдің суын татудамыз дегенді олардың талайы әсте ойлаған емес. Осындай пиғылдың әсерімен Қазақстанның өз алдына ту тігіп, дербес мемлекет болғанын жанына түскен жарадай көрген топтар шықты. Олар Қазақстан мемлекеті тек қана қазақтардікі, қазақтың ғана мүддесін қолдайтын болады деген ұранды жалаулатты. Осылай деген шовинистерге басқа этнос өкілдері де кейде қосылып кетіп жатты.
Әлі есімде, алғашқы өрекпу КСРО-ның кезінде-ақ басталды. 1989 жылы Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болады дегенге қарсы болғандар жаға жыртпаса да, көздері қызарып, соқтығарға жуық болып жүретін. Қай халықта болса да әділетті, тура мінезді адамдар бар ғой. Ондайлар орыс арасында да көп. Бірде, біз қызмет ететін облыстық автокөлік бірлестігінде осы мәселеге байланысты қызу пікірталас болып қалды. Сонда бірлестікке қарайтын №1 автопарктың директоры Юрий Прокопьевич Новиков деген азаматтың барлық жұртқа: «Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек. Оған таласуға болмайды, ал біз оны үйренуіміз керек» деген әділетті сөзін әлі күнге ұмытпай, ризашылықпен еске аламын. Осындай салмақты, салиқалы азаматтардың пікірі әр жерлерден естіліп жататын. Қазақтардың өзі айтса ондай пікір өрекпігендерге өте қоймас еді, ал орыс немесе басқа этнос өкілдері айтса – оған құлақ түрілетін. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін жалғыз алуы алдымен Президенттің, сосын сол кездегі Жоғарғы Кеңестің ерлігі болса, оған қарсылардың лапылдаған арынын басуға осындай пікірдегі адамдардың ықпалы зор болды.
Міне, сондықтан да қазақтың сөзін сөйлейтін басқа этнос өкілдерінің арасынан шыққан беделді, салмақты, салиқалы адамдар жас Қазақстанға ауадай қажет еді. Олардың басын біріктіріп, өрелі пікірлеріне өріс туғызатын беделді ұйым құру мәселесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тереңнен сезінгіш түйсігімен бірден ұққан сияқты. Сонымен бірге бұл ұйым Қазақстандағы этностардың ұлттық мүдделерін қолдайтын, олардың тілдерін үйреніп, демалыс күнгі мектептерін ашып, салт-дәстүрлерін жаңғыртуға жәрдем туғызатын да болуы керектігін Президент шу дегеннен-ақ белгілеген. 1992 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің бір жылдығына орай болған Қазақстан халықтарының Бірінші форумын өткізгенде-ақ Елбасы осы сөздерді аузына алған болатын. Содан, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі Жарлығы шықты. Арада өткен 3 жылға жақын уақытта оны құрудың алғышарттары әбден пісіп-жетіліп, дайындық жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастыру жөніндегі құрылтай сессиясының (1995 жылғы наурыз) тақырыбы да оның басты мақсатын ашып: «Біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін» деп аталған еді.
Содан бері Ассамблея өсіп, өрлеу үстінде. Ол көптеген шетелдерге де танылып, оның тәжірибесін білікті мамандар зерттеп жүр. Әрине, оның кейбір құқыларын демократия қағидаттарына кереғар деушілер де бар. Сондағы айтатын негізгі тіректері – Ассамблея мүшесі болып табылатын 500-дей адамның сайлау құқы басқа жұрттан неге артық, басқалар бір дауысқа құқылы болса, бұлар екі дауысқа ие болып, екі депутатты сайлайды дегенге саяды. Онысы рас, біздің заңымызға сәйкес Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісіне өздерінің 9 депутатын сайлауға құқылы. Алайда... Демократия қағидаттары дегеннің өзі де қатып қалған дүние емес, ол да адамның игілігі үшін өзгертуді, жетілдіруді қажет ететін дүниелер емес пе? Соның бір айғағына жуырда барша әлем көзін жеткізді ғой. Өзіне-өзі жарнама жасауды көздеген париждік бір журнал демократиялық құқыны сылтауратып, басқа адамдардың діни сенімін аяққа басқаны үшін жарылысқа ұшырап, 12 адам күтпеген жерден қазаға ұшырады. Демек... Демократия деген адамға барлық бостандықты береді, өз басың, жеке ісің үшін ойыңа не келсе соны істей бер, алайда басқалардың сенімін қорламауы керек деген қағидатпен толықтыруды қажет етіп тұрған жоқ па?
Елдегі тыныштық пен бейбітшілікке қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша органымыз басқа адамдардың құқы мен бостандығына қол сұқпайтын болса – артығырақ құқыға ие болмайтын несі бар? Барлық елдердегі, әлемнің барлық бұрышындағы қоғамдық қатынастар бірдей емес. Демек демократиялық қағидаттарды да тек бір өлшеммен кездеуге болмайды. Әр қиырдың өз ерекшелігі бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрақты, діңгегі берік, мықты мемлекет құру үшін қоғамның біртұтас болуы қажеттігін, жаңа ұлттық сана қалыптастыру керектігін бірден түсінді. Ал оған қол жеткізудің негізгі тетігі – Ассамблея еді. Сондықтан біздің Ассамблеямыз, түсінген адамға, демократиялық құндылықтарды жетілдіре түсудің бір амалы деп ұғуға тиіспіз. Осы уақытқа дейін барша ғылым дін, мәдениет, тіл және басқа да этностық айырмашылықтар қоғамдағы адамдар арасын аша түсетін, қайшылықтар туғызатын факторлар деп танып келді. Ал Назарбаев моделінің феномені сонда, ол осы факторларды айырушы емес, біріктіруші факторға айналдыра білді. Өткен жылдың аяғында Астанада әлемдік саясаткерлердің форумы болған еді, сонда осы мәселені ауызға алғандар көп болды.
Ассамблеяның Қазақстан халқын тұтас Ұлт етіп ұйыстыру жолындағы еңбегі орасан зор. Қаншама құжаттар қабылданып, олардың іске асыру жолында қаншама шаралар жасалды. Соның бәрі Қазақстанның біртұтастығын жылдан жылға нығыздай түсуде. Осы орайда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы еске түсіп тұр. Ондағы алғашқы алтынды велосипедші Александр Винокуров алған еді ғой. Александрдың әке-шешесі Петропавлдың түбіндегі Бескөл кентінде тұратын қарапайым адамдар. Өздерін құттықтауға келген журналистерге қуанышты әкенің: «Алға, қазақтар!»» деп айғайлағаны естен кетпейді. Демек, қария өзін де қазаққа теліп, бәріміздің де бір Отанның, бір ұлттың бауырында екенімізді айғақтап тұр. Міне, бұл кезінде басқа халықтары тұтасып, қазақты көзге ілмеген жердегі пиғыл. Басқа жердегі қазақстандық патриотизм одан да зор екеніне сенім мол. Бұл, сайып келгенде, Ассамблея іске асырып жатқан айрықша модельдің ізгілігі мол болғандықтан жұрттың бәрінің де жүрегіне жол тауып жатқандығының бір көрінісі.
Сондықтан да Ассамблеяға алшаң баса бер дегің келеді. Өйткені ол Қазақстан халқы бірлігінің айнымас символы, адастырмас Темірқазығы. Биыл Ассамблея жылының алшаң басқаны – Қазақстан халқы бірлігінің нықтала түскендігінің белгісі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».